Жамбыл облысында интернет алаяқтық өршіп тұр

  • 6
  • 01.04.2026, 21:45

Елдегі әрбір үшінші қылмыс алаяқтық. Ал әр төртінші құқықбұзушылық киберқылмысқа қатысты. Былтыр қылмыстың бұл түрі 24 пайызға артып, 28 мыңға жуық дерек тіркелген. Келтірілген залал көлемі 6 миллиард теңгеден асты. Алаяқтарға алданбаудың жолы қандай?

22 жастағы Алина екі ай бұрын интернет алаяқтарының арбауына түсіп қалғанын айтады. Ұялы телефон алмақ болған ол, әлеуметтік желіде хабарландыру көреді. Нарықтан әлдеқайда төмен бағадағы ұсынысқа қызыққан бойжеткен ақшаны көрсетілген есепшотқа аударған. Алайда бір апта өтсе де, тапсырысы сол күйі жетпеген. 

Алина, қала тұрғыны:

-Бізде интернет алаяқтық десе, звандап шотыңды сұрайды деген ой қалыптасқан ғой. Ал бұл жерде ол кісілер өздерінің тауарын ұсынып біз интернет дүкеннен сатып алғандай болдық. Алданып қалу өте оңай.

Мұндай жағдайлар жиілеп барады. Полиция дерегінше, әсіресе 24 жасқа дейінгі жастар алаяқтар үшін осал топтың бірі. Себебі олар тек жәбірленуші ғана емес, кейде өздері де байқамай қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналып жатады. Алаяқтар: «интернетте оңай табыс табасың» деп ұсыныс жасап, түрлі ақша аударымдарына тартады. Осылайша жастар дроппер ретінде, қылмыстық тізбектің бір буынына айналады.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:

-Егер де азаматтарымызға белгісіз тұлғалардан ақша аударымдары түскен жағдайда, бірден банкке хабарласып, бұл операцияны болдырмауға, ақшаны қайтаруға әрекет жасауы тиіс. Үшінші тұлғаларға бұл ақшаны басқа бір есепшоттарға аудармауға тырысу керек. Неге десеңіздер, бұл қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғуы мүмкін.

Қылмыстық жауапкершілік қарастырылғалы, дропперлікке қатысты 400-ден астам дерек тіркеліп, 70-ке жуық іс сотқа жолданған. Сондықтан полиция қызметкерлері, бейтаныс жандарға сене бермей, әрбір ақша аударымына мұқият қарауға шақырады. Өйткені оңай табыс опық жегізеді.

Дана Әлиева, Мұхамедәли Тілдабаев