Маңғыстау облысында 2 мың жылдық тарихы бар Қарақабақ қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл аумақта мамырдың соңына қарай қазба жұмыстары жалғасады. Қарақабақ ежелгі заманда халықаралық сауда және қолөнер орталығы болған. Қалашық орнынан Византия, Үнді, Парсы мен Қытайдың тиын ақшалары, қыштан жасалған ыдыс-аяқ табылған.
Қарақабақ – Түпқараған ауданы, Таушық ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан мекен. Бұл жерде археологтар 2017 жылдан бері зерттеу жүргізіп келеді. Ежелде теңіз-сауда порты, қолөнершілердің шеберханасы болған аумақтан алтын, күміс, мыс тиындар, мөрлер мен басқа да тұрмыстық бұйымдарды тапқан. Көне жәдігерлер Қарақабақтың сол уақытта Каспий маңы елдерімен тығыз байланыста болғанын айғақтайды.
Андрей Астафьев, археолог:
- Көне қалашықтан таза қорғасыннан құйылған сауда мөрін таптық. Олжамыз Византия мемлекетіне тиесілі. Қытайдың көне тиындарын, қыштан жасалған бұйымдарды қазып алдық. Бұл жәдігерлер қазақтар сол кезеңде тек мал шаруашылығымен айналысты деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, осы жерде ірі өркениетті орталық болғанын дәлелдейді.
Тарихшылардың айтуынша, Ұлы Жібек жолы бойында халықаралық сауда торабы саналған өңірде ерте ғасырларда Білелі, Белдеулі, Шұрық және Әжігелді атауымен керуен сарайлары болған.
Нұртас Сали, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
- Рим ғалымы Клавдия Птолемейдің ІІ ғасырда түсірген Каспий теңізінің картасында «Аспабота» деп Каспийдің шығыс жағалауындағы қаланы осы Қарақабақ қалашығымен сәйкес деп отыр. Себебі бұл жерде табылған жәдігерлер, қаланың өмір сүрген уақыты ғалымдардың осындай тұжырымдамасына әкеліп отыр. Қалашықтың жалпы аумағы 12 шаршы шақырымды құрайды. Сондықтан бірнеше жылды алатын жұмыстар күтіп тұр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Музейдің қорында қазір 83 мыңдай жәдігер сақтаулы тұр. Соның 400-ге жуығы Қарақабақ аумағынан табылған. Мәселен, мынадай мыс және темір құймалар Ұлы Жібек жолы бойындағы қалашыққа теңіз арқылы кемемен әкелінген. Жергілікті қолөнершілер бартер, яғни “айырбас” сауда арқылы алып, құймалардан түрлі бұйым әзірлеген екен.
Алдағы уақытта Қарақабақ жерінде ғылыми-археологиялық база және музей құрылады. Бұл бастама Маңғыстаудың бай мұрасын әлемге танытып, ішкі туризмнің дамуына серпін береді деп күтіледі. Тарихи орынға өңір әкімдігі мен археология институтының өкілдері барып, бірлесе атқарылатын жұмыс жоспарын талқылады.
Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.