Гитлерлік Германия кезінде Бухенвальд концентрациялық лагерінде тұтқында болған 35 қазақстандықтың тағдыры белгісіз және ол терең зерттеуге сұранып тұр. Өткен жылдың соңында отандастарымыздың рухына бағышталып, ажал мекенінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған болатын. Аталған іске бастамашы болған тарихшы Перизат Сәдуақас енді іргелі зерттеумен айналысуға ниетті. Бірақ бастама мемлекеттік қолдауды және жасыратыны жоқ, үлкен қаражатты қажет етеді.
Бухенвальд. Германияның шығысындағы Веймар және Тюрингия федералды өлкелерінің маңында орналасқан концентрациялық лагерь 1937 жылы жұмысын бастаған. 8 жылда 270 мыңға жуық адам лагерь қабырғасында тұтқын болып, оның 56 мыңы ажал пештерінде өртелді. Олардың қатарында аштықтан, аурудан және медициналық тәжірибе мен азаптаудан өлгендер де бар.
2023 жылы Герман Сыртқы істер министрінің шақыруымен ұйымдастырылған қазақстандық делегация құрамында болған тарихшы Перизат Сәдуақас Бухенвальдтағы экскурсия кезінде неміс тарапына бір ғана қарапайым сұрақ қояды.
Перизат Сәдуақас, тарихшы:
- «Бұл концлагерьде қазақтар және қазақстандықтар болған ба?», - деп. Ол сұраққа ол кісі мүдіріп қалды.
Осыдан кейін барып сең қозғалған. Германия тарапы дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау салсаңыздар, оларды анықтаймыз деген.
Рикола-Гуннар Люттгенау, тарихшы:
- Бухенвальд тұтқындарының тағдыры бұл Германия немесе Кеңес одағының ғана тарихы емес. Бұл адамзатқа ортақ трагедия. Лагерь қабырғасында болған әр адамның аты-жөні мен жеке мәліметтерін нацистік билік жендеттері тізімге алып, тіркеп отырған. Сол жазбаларға сүйеніп, біз қазақстандықтардың есімдерін анықтадық.
Перизат Сәдуақас, тарихшы :
- Өзім бүгінгі күнге дейін ол тұтқындардың ұрпақтарының табылмағанынан, ол жерге қандайда бір белгі қойылмағанына намыстандым. Егер де қазақстандықтардың тізімі осы жерде анықталатын болса, менің жерлестерімнің тізімі ашық айналымға шығатын болса, мен міндетті түрде осы жерге келіп, бір тарихи таңба орнатамын», - деп өзіме іштей серт бердім.
Былтыр желтоқсан айында Перизат ханым өз қаражатына Бухенвальд тұтқындары болған қазақстандықтардың есімдерін транскрипциялап, лагерьдің крематорий бөлігінің кіре берісіне ескерткіш тақта орнатылды. Бұған 4 млн-дай теңге жұмсалған.
Хольгер Оббариус, «Бухенвальд» және «Дора-Миттельбау» мемориалдары қорының өкілі :
- Екі жыл бұрын Бухенвальдта қазақ азаматтары болған ба деген қарапайым сұрақ үлкен жұмысқа түрткі болды. Осында тұтқында болған 35 қазақстандықтың мұнда қалай келгені, олардың қаншасы көз жұмды, қаншасы тірі қалғаны туралы ақпарат жоқ. Яғни ендігі міндет – осыны анықтау. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана.
Перизат Құрманқызының айтуынша, Алматы облысының тұрғыны тізімнен атасының аты-жөнін көріп хабарласыпты. Ол концлагерьден аман-есен босаған соң, тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылын кеңес түрмесінде өткізіп, елге орлаған. Ауылда мұғалім болған. Өмірінің соңына дейін нацистік лагерь тұтқыны болғанын айтпай кетіпті. Қалған 34 адамның тағдыры әзірге белгісіз. Ол енді іргелі ғылыми зерттеуге сұранып тұрған жұмыс.
- Бұл тізімді ұрпақтарының арасында кең таратамыз десек, әрине, Мәдениет және ақпарат министрлігінің үлкен қолдауы керек. Сондай-ақ ғылыми тұрғыда оны әрі қарай жалғастыру үшін мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейге шығару үшін міндетті түрде Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауы ауадай қажет.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үлкен бір азаматтық. Мемлекет жасамаған нәрсені біздің қарындасымыз жасап жатыр. Мемлекет тарапынан осыған қолдау болса, бұл қыз өте талантты, үлкен жұмыс атқарды. Бірақ енді өзі ары қарай жүргізе бергенге қиын. «Біздің мәдениет саласындағы, жастар тәрбиесі саласындағы мекемені осы салаға қолдау көрсету керек», - деп өзім ойлаймын.
Ең бастысы, Германия тарапы тізе қосып, жұмыс істеуге дайын. Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі мен Алеманиядағы дипломаттар қол ұшын созған. Десе де, жүйелі зерттеуге қолдау қажет екені айтпаса да түсінікті.
Берік Дүйсенбай, Мұхамедәли Тілдабаев