Мейрамхана, кафе мен банкет залдарында мектептің бітіру кештерін ұйымдастыруға тыйым салынды. Сондай-ақ заңсыз қаражат жинауға да рұқсат жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Аталмыш сұрақ әкімдіктер мен ішкі істер органдарының қатаң бақылауында болады. 9 және 11-сынып бітірушілерінің қорытынды емтихандары 29 мамырда басталатын болыпты.
2025-2026 оқу жылында еліміз бойынша 3 млн 900 мың оқушы білім алыпты. Оның ішінде 343 мың оқушы 9, 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтайды. «Алтын белгіге» үміткерлер саны 13 мың, «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны 18 мыңнан асады. ҰБТ-дан бөлек мектептерде қорытынды аттестаттауы өтеді. 9 және 11-сынып бітірушілері оны 29 мамыр мен 15 маусым аралығында тапсырады. Ал аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 17-18 маусым күндеріне жоспарланған. Іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының базасында өткізіледі.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
-Мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы қабылданды. Әкімдіктер бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесіп қатаң бақылауда ұстауы өзекті.
Жазда 11 мың демалыс орталығы жұмыс жасайды
Келесі мәселе – балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Оқушылар үшін алдағы жазда 11 135 демалыс орталығы жұмыс жасайды. 44 мыңнан астам бала жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта, 168 мың бала маусымдық орталықтарда, 2 млн астам бала мектеп және мектептен тыс ұйымдар жанындағы орталықтарда демалады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Барлық білім беру-сауықтыру және мектеп жанындағы орталықтардың бағдарламалары балалардың бос уақытын ұйымдастыруға ғана емес, азаматтық, адамгершілік және мәдени құндылықтарды дәріптеу ісіне де бағытталуы керек. «Заң мен тәртіп» қағидаттарын, мемлекетке, қоғамға және еңбекке деген құрметті насихаттауға бағытталған шығармашылық және танымдық жобаларды, пікірталас алаңдары мен акциялар өткізу қажет.
Жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстарына 120 мың педагог, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен волонтер тартылады. Осы аптаның соңына дейін демалыс және сауықтыру орталықтары толық дайын болуы тиіс. Үкімет басшысы нысандардағы тағам сапасын, медициналық қолдау, өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарын сақтауды тапсырды.
Сонымен қатар демалыста табыс табуға ниетті оқушылар қатары көбейді. Қазір елімізде 14 пен 18 жас аралығындағы балалар саны 1 млн 700 мыңға жетіпті. Ресми статистикаға жүгінсек, оны 5 мың 300 еңбекпен қамтылған. Олар негізінен сауда, ойын-сауық және қоғамдық тамақтану салаласында маусымдық жұмыс жасайды.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Электронды еңбек платформасында өткен жаздан бастап «Менің жазғы каникулым» арнайы білімі іске қосылды. Бұл оқушылар үшін 14 жастан бастап платформаға тіркеліп жеке кабинетін ашуға, бос орындар іздеуге мүмкіндік береді.
Енді білім гранттарына тоқталсақ. Биыл ол 89 мың болып бекітіліпті. Оның 75 мыңы бакалавриатқа, 11 мыңы магистратураға, 3 мыңнан астамы докторантураға. Гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бағытталыпты. Қалған басқа мамандықтарға дейді жауапты министрлік.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев