ШҚО-да бірнеше отбасы апатты үйде тұрып жатыр

  • 7
  • 26.05.2026, 19:36

Шемонаиха қаласында бірнеше отбасы 1,5 жылдан бері апатты үйде тұрып жатыр. Біраз уақыт бұрын үй маңындағы құбыр жарылып, екі қабатты үйдің жертөлесін су басып қалды. Ылғалдан ескі баспананың іргетасы сөгіліп, қабырғасына сызат түсті. Содан бері тұрғындардан маза қашты. Тек 5 пәтердің иесі жаңа баспанамен қамтылды. Қалғандары кезегін күтіп отыр.  

Жертөле суға кеткенде, онсыз да қирағалы тұрған үйді арнайы комиссия апатты деп таныды. Қабырғасы сөгіліп, іргетасы отырып қалды. Екі қабатты үйдегі 18 пәтер иесінің он бірі ғана уақытында құжатын түгендеп, үй кезегіне тұрды. Алайда жергілікті әкімдік 5 отбасына ғана басқа баспана берді.

Данияр Алтынбеков, Шемонаиха ауданы ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Қалған алты адам кезекте әлі тұр, себебі тұрғындарға үйді бөлу және беру бағдарламасы Отбасы банкке мамыр айынан бастап ауысып кеткен болатын, қазір өз тарапымыздан оларға тұрғын үй  беруге құқымыз жоқ.

Ереже өзгергеннен кейін баспанамен қамту шаралары қиындап кетті. Пәтер ала алмай отырғандардың бірі - Үміт Қатырбаева. 73 жастағы зейнеткер жарылған қабырғаларды қыс бойы бітеп шықты. Төбе ортасына түсе ме деп алаңдайды.  

Үміт Қатырбаева, апатты үй тұрғыны:

- Қай бөлмені қарасаң да, үлкен-үлкен жарықшақтар бар. Бірақ өз күшімізбен оны бітеп, сылап жамаған болдық. Қыс бойы пәтерім азынап кетті, жылу тұрмайды. Кейде түні бойы сықырлап шығады, ондай кезде ұйықтай алмаймын.

«Жауаптылар заңнан аттай алмаймыз»,-  дейді.  Олар Отбасы банк өкілдеріне баспамен қамту бойынша ұсыныс жолдаған. Әзір мәселе шешімін тапқан жоқ. Банк тарапы өтініштің қаралатынын айтқан. Ал мамандар төтенше жағдай болып, аяқ асты үйсіз қалғандарға жедел пәтер беру жергілікті биліктің құзырында болғаны дұрыс деген пікірде.

Дидар Кеңесбаев, аудан әкімі:

- Үй кезегіне тұру функциясының «Отбасы банкке» берілуі біршама қарама-қайшылық туындатқаны рас. Бұл тек бізде ғана емес, бүкіл елде болып жатқан жағдай. Енді біз банк жетекшілерімен сөйлестік. Яғни жаппай кезек сол орталықта болғанмен, апаты деп танылған немесе оқыс жағдай салдарынан үйсіз қалған тұрғындарды баспанамен қамту жергілікті әкімдік басқаруына берілгені жөн.

Әйтпесе апатты үйдің тұрғындарын әзір баспанамен қамту мүмкін емес. Үй кезегінің де тез арада келе қоймасы анық. Сондықтан сала басшылары заңға өзгеріс енгізіліп қалар деген үмітте.

Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов