Атырауда бау-бақша мен көкөніс өнімдері арзандады. Жиын-терім науқаны басталғалы қала іргесіндегі шағын шаруашылықтардан 4 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Жергілікті билік нарық бағасын тұрақтандыру мақсатында шілде айында қала базарларынан шаруалар үшін 136 сауда нүктесін ашқан. Өнім егіс алқабынан тікелей тұтынушыға делдалсыз жеткізілді. Әр сенбі, жексенбі сайын облыс және аудан орталықтарында жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде жергілікті өнім базар нарқынан 15-20 пайызға арзан сатылып жатыр.
Дәулеткерей Қалдыбаев, шаруа:
-Өтімі жақсы. Өсу де жақсы. Шілде айының ортасынан бастап базарға шығарып бастадық. Баклажан, қауын қарбыз, перец-тәтті бұрыштар. Сауда нүктелерін ашқанның пайдасы өзіміздің өнімімізді сатамыз. Делдалсыз сатамыз. Бағасы да тиімді болады.
Мереке Зинуллин, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Қазір сатылымдағы жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы нарықтан 15-20 пайызға арзан. Сондай-ақ біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасына да тұрақты мониторинг жүргізіп отырамыз.