Жарты ғұмыры жер астында: Рудныйлық шахтер 40 жылдық тәжірибесімен бөлісті

  • 9
  • 28.08.2026, 19:40

Қостанай облысының Рудный қаласында тұратын Анатолий Бескоровайный 40 жыл ғұмырын кен өндірісіне арнады. Соколов шахтасында алғаш қайла салғандардың бірі болған. Қазір жасы 60-тан асса да, кен өндіру ісінен қол үзбеген.

Кезекті ауысымда әдеттегідей Анатолий Бескоровайный киімін ауыстырып, керек-жарақтарын алып күту залына бет алды. Мына бақылау тақтасына әр шахтер жеке темір нөмірін іліп кетеді. Бұл жер астында қанша адам бар екендігін, қаншасы әлі шықпағандығын біліп отыру үшін маңызды саналады.

Жерастына түсер алдындағы күту залында отырғандардың, жүздерінен алда тұрған істің жауапкершілігін байқайсың.

Анатолий Бескоровайный, учаске басшысы:

- Бұл жерде шахтаға түсетін жеделсатыны күтеміз. Кезекті бригада 10-15 минут бұрын осында жиналады. Тапсырма мен міндеттер талқыланып, алдағы жұмыс күніне өзімізді дайындаймыз.

Қоршаулы кең  жеделсаты секундына 5 метр жылдамдықпен төмен қарай  құлдилай жөнелді. Жерасты қойнауына алғаш бойлаған адамның құлағы бітеліп, өзін жайсыз сезінеді екен.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қазір біз жер бетінен 500 метр тереңдікте жүрміз. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 200 қабатты үйдің биіктігімен тең жеті қабат жер астындамыз, ұңғылап қазылған үңгірлер көп екен. Жол бастаушың болмаса, адасып кетесің.

Жарты ғұмырын жерастында өткізген Анатолий Бескоровайный ұзындағы 30 шақырымнан асатын шахтаның ұңғыл-шұңғылын бес саусақтай біледі. Қарамағында 40 адам жұмыс істейді. Бірі бұрғылап, бірі тасып, бірі тиеп жатады. Анатолий Петрович күніне 4-5 шақырымды жаяу жүріп, сол әр бригаданы аралап шығады.  

 Ғабиден Пірлешов, кенші:

- Бізге әкелік қамқорлықпен қарайды. Білмегенімізді үйретеді. Жұмыста: «Абайлап істеңдер, денсаулықтарыңа мән беріңдер», - деп айтады.Өз ортамызда, бригадамыз да бастығымызды «Петрович» деп атаймыз.

Шахтер мамандығы жоғары қауіп-қатермен байланысты болғандықтан, мұндағы сыйластық ерекше сипатқа ие. Ардагер кенші: «Бұл жұмысқа тек жігіттердің мықтысы ғана шыдайды», - дейді.  

Анатолий Бескоровайный, учаске басшысы: 

- Бұл жерде тек төзімді, тиянақты адамдар жұмыс істейді. Қажет кезде бір-бірін алмастыру үшін, бірнеше мамандықты меңгеруі керек. Кеншілер алпинистер тәрізді бір-бірін ешқашан қиындықта тастамайды. Сондықтан жаныңдағы серігіңнің сенімді болуы қажет.

Бүгінде Соколов шахтасында бір мыңнан аса адам жұмыс істейді. Соның 800-і кенші, олар ерекше дәстүрі мен мәдениеті қалыптасқан  кәсіби қауымдастық десек те болады.

Павел Раков, Соколов шахтасының басшысы:

- Шахтерлар арасында ұрпақтар сабақтастығы дәстүр ретінде қалыптасқан. Бізде бірнеше шахтер әулеті бар. Келген әр жас маман тәлімгерлер мектебінен өтеді. Мен Анатолий Петровичтен көп нәрсе үйрендім. Соколов шахтасы кеншілерінің  басым бөлігі сол кісінің тәлім-тәрбиесін алды десем, артық айтпаймын.

50 жыл тарихында Соколов шахтасынан 100 млн тонна темір кені өндірілді. Әлі 900 млн тоннаға жуық қор бар екен. Сондықтан мұнда ұрпақтар сабақтастығы ұзақ жылдарға жалғасады. 

Авторы: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров