Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Жамбылдық диқандар 450 мың тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр

  • 6
  • 04.11.2026, 18:06

Биыл жамбылдық диқандар 9900 гектар алқаптан 450 мың тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр. Қазір тәтті түбір еккен 202 шаруашылық өнімдерін жинауға кірісті. Салаға жауапты мамандар жиналған өнімді өткізу бойынша мәселе туындамайды деген пікірде.

Мерей Бает, тілші:

– Биыл жамбылдық шаруалар 9900 гектар жерге мынадай қант қызылшасын еккен. Бір аптадан бері жинау жұмыстары басталып кетті. Жалпы өңірдегі диқандар биылдыққа 450 мың тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр.

Қуаныш Көбейгенов биыл 37 гектар жерге қант қызылшасын еккен. Қазір гектардан орташа есеппен 100 тонна өнім алып отыр. Айтуынша, тәтті түбірді өсіру оңай іс емес. Дән себуден бастап өнім жинағанға дейін шаруаның бейнеті де, шығыны да аз емес.

Қуаныш Көбейгенов, шаруа:

– Әр гектарға қажетті тұқымның өзі 600 мың теңге тұрады. Нитроаммофос, селитра секілді тыңайтқыштар гектарына шамамен жарты тоннадан жұмсалады. Оған 280-300 мың теңге кетеді. Бұдан бөлек, арамшөптерге қарсы дәрілер, құрт-құмырсқаға қарсы препараттар мен дәрумендер бар. Егін жинау науқанын қоса есептегенде, бір гектардың шығыны 1,5 млн теңгеге жетеді.

Биыл өңірде 202 шаруашылық қант қызылшасын өсіріп отыр. Жауапты басқарма мамандары: «Биыл жиналған өнімді өткізуден мәселе туындамайды», – деді. Себебі Меркі қант зауыты ескірген қондырғыларын жаңартып, қуаттылығын 250 мың тоннаға жеткізген. Сондай-ақ Тараз қант зауыты да қайта жаңғыртудан өтіп іске қосылған. Қазір облыс орталығына жақын 6 ауданның диқандары өнімдерін осы зауытқа өткізіп жатыр. Ал Шу, Қордай, Меркі аудандарының шаруалары өнімдерін Меркі қант зауытына өткізуде.

Нұрғиса Қанқожаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Зауыт қант қызылшасын өңдеумен 25 жыл бойы айналыспаған. Осыған байланысты кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлердің өндіріс процесіне бейімделуі үшін алғашқы кезеңде тәулігіне орта есеппен 1000 тонна өнім қабылдау лимиті белгіленген. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін оның тәуліктік өндірістік қуаттылығы 3000 тоннаға дейін жетеді.

Қазірдің өзінде 1400 гектар алқаптан 85 мың тонна қант қызылшасы жиналған. Жалпы қызылша еккен шаруашылықтарға мемлекет тарапынан әр келісіне 25 теңгеден субсидия төленеді. Оған қоса қант зауыттары да келісіне 15 теңгеден көмек қаржы береді.