Енді елімізде ветеринар – мәртебелі мамандыққа айналуы тиіс. Сүйіншіге бергісіз жаңалық. Мал дәрігерлерінің айлығы 220 мыңнан 500 мыңға дейін өседі. Кемі екі рет сауықтыру жәрдемақысы да қарастырылмақ. Сонымен бірге ауылдық жердегі ветеринар мамандар арнайы қызметтік киіммен тегіс қамтамасыз етіледі.
Құрылтай отырысында аталған салаға бірқатар өзгерісті қарастыратын заң жобасының бірінші оқылымы өтті. «Жаңа құжат саланы ілгерілетуі тиіс», – дейді авторлар.
Үшбу заң жобасына депутаттар бастамашы болған. Оған жылдар бойы ветеринария саласында еңбек етіп келе жатқан мамандардың бұйымтайы себеп. Неге деудің өзі артық, салаға артылған жауапкершілік жоғары, талап күшті.
Ал толыққанды әлеуметтік пакеттің жоқтығы әсіресе ауыл аймақтарда кадр тапшылығын туғызып, жалпы жұмыстың іркілуіне әсер ете бастаған. Сол себепті әңгіменің әлқиссасы әуелі әлеуметтік жағдайды біржақты етіп алудан басталып отыр.
Серік Егізбаев, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Ветеринария мамандарының орташа жалақысы шамамен 220 мың тг құрайды. Заң жобасы қабылданған жағдайда жалақыны кем дегенде 420 мың тг дейін арттыру күтілуде.
Ажар Қажыбекова, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Барлық төлемдерді қосқанда ветеринариялық мамандардың жалақысы қанша болады? Мамандар ауылға барып жұмыс істегені үшін.
– Сұрағыңызға нақты жауап – бәрін қосқанда, 500 мыңнан асады деп орташа күтіліп отыр.
Саладағы өзгерістерге келсек. Ветеринар мамандардың кәсіби құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында палата құрылады. Санитарлық бақылау күшейтіледі. Мал сою алаңдары біртіндеп рұқсат етілген санаттан шығарылып, арнайы жабдықталған бекеттерге біртіндеп ауыстырылады. Ендігіде мал өнімдерін саудалау ісінде де талаптар қатаң болмақ. Астана.
Бота Елеусізова, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Ветеринариялық сараптамадан және сою алдындағы қарап тексеруден өтпеген өнімдер мен шикізатты қоғамдық тамақтандыруда қолдануға шектеу қойылады. Өнім қауіпсіздігін арттыру үшін өнімді жануарларға адамдарды емдеуге арналған антибиотиктермен өсу стимуляторларын қолдануға тиым салынады.
Тағы бір маңызды жаңалық – дәрі-дәрмектер айналымын бақылайтын фармацевтикалық инспекция құрылады. Сондай-ақ заң жобасы ветеринарлық қызметтер мен әкімдіктер арасындағы функцияларды қайта бөлуді көздейді. Бақылау тиімділігін арттыру үшін бірыңғай цифрлық жүйе құру ұсынылды. Ол барлық іс-шараны үйлестіруден бөлек, жануарларды есепке алу, бақылаудағы өнімдердің қоғалысын білу және ақпарат алмасуды жеңілдетуге жол ашуы тиіс.
Заң жобасын іске асыру қазынадан 220 млрд теңгені қажет етеді.
Берік Дүйсенбай, Айбын Құсанбеков