Оңтүстіктен солтүстікке көшетіндерге 7 мың квота бөлінді
Оңтүстіктен солтүстікке көшу. 2024 жылы бұл бағдарламаға 7 мың квота бөлініпті. Оған қатысуға ниет танытқандар үшін 7 өңір қарастырылған. Олар: Қарағанды, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары. Өтініштер қазірден бастап қабылданып жатыр. Еріктілерге биыл да әлеуметтік төлем және үй алу үшін қаржылай қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ жұмыс ұсынылады. Бұған дейін көшіп барған бірқатар азамат өз ісін ашып отыр.
Оңтүстіктен солтүстікке көшу. Оның нәтижелі болуы әрі ниет танытқандардың тез аяққа тұрып кетуі үшін биылғы қаржылай қолдаудың көлемі отбасындағы әрбір адамға 258 мың теңге болып бекітіліпті. Бұл бір рет беріледі. Ал үйді қоныс аударушы өзі сатып алуына болады. Оның 4 млн 282 мың теңгесін мемлекет өтейді.
Ерболат Абулхатин, Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:
- Жалпы жыл сайын солтүстікке көшіп келушілердің саны ұлғайып жатыр. Ол квота жергілікті әкімдіктердің ұсынысы бойынша әзірленеді және дайындалады.
Сандарды сөйлетейік. Аталмыш бағдарлама 2011 жылы басталды. Ол кезде ең көп дегенде бір мың адам көшетін. Соңғы жылдары 6 мыңнан асатын болды. Биыл 7 мың квота бөлініпті. Министрліктің дерегінше, қоныс аударушылардың арасында әдетте еңбекке қабілетті азаматтардың 80%-ы жұмысқа орналасады. Арасында өз ісін ашып жатқандары да бар.
Ерболат Абулхатин, көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:
- Екі жылдың ішінде 287 адам көшіп келушілердің ішінен өзінің кәсібін бастады. Көпшілік бөлігі ауылшаруашылық саласында. Мал шаруашылығында оларды бордақылап, сонымен қатар екінші бағыт, халыққа қызмет көрсету салсында ол тігін цехын ашады, машина жөндеу цехтарын ашып жатыр. Тағы бір бөлігі кішкентай сауда-саттықпен айналысады. Шағын дүкендерін ашып жатыр.
Бірі өз кәсібін ашты, енді біреуі жергілікті билік ұсынған жұмысқа орналасты. Былай қарағанда, бәрі дұрыс сияқты. Ал тұтас алғанда, оңтүстіктегі елді солтүстікке көшіру бағдарламасы күткендей нәтиже бермей тұр. Жуырда өткен Сенаттағы Үкімет сағатында Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, соңғы кезде солтүстікте халық санының азаю үрдісі байқалады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Соңғы жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек.
Демограф мамандар тапшы
Осы жиында елдегі демографиялық ахуал тұтастай талданды. Сол арқылы бірқатар мәселенің беті ашылды. Мәселен, елімізде демограф мамандарды дайындайтын оқу орны жоқ екен.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Бүгінде еліміздің демографиялық дамуы құқықтық құжаттарда толық көрсетілмеген. Қазақстанның жүйелі демографиялық саясатын әзірлеу және оны жүзеге асыру – уақыт талабына сай туындаған қажеттілік. Бүгінгі талқылау да соның өзектілігін дәлелдеп отыр.
Негізгі тақырыпқа қайта оралсақ. Биыл қай аймақтарға көшуге болады? Қарағанды, Абай, Ұлытау мен Шығыс Қазақстан облыстары 36-дан 372 адамға дейін қабылдауға ниет танытыпты. Қостанай облысы 950 квота сұрапты. Ең көбі – Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары. Әрқайсысында 2,5 мыңнан асады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин.