Хабар телеарнасы

Есірткіге елтіген жастар қатары азаяр емес

Есірткіге елтіген жастар қатары азаяр емес... Бас прокуратураның мәліметінше, есірткіге қатысты қылмыс көбейген. Жаза басып, жазаға тартылғандардың қатары 54% жетіпті. Ал жылдам ақша табамын деп қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың ата-аналары болса, жазаны жеңілдетуді сұрайды. Мәжіліс қарауындағы заң жобасында қандай өзгерістер қамтылған?

Биыл заңсыз айналымнан тәркіленген есірткінің көлемі 18 400 келіден асады. Оның 467 келісі синтетикалық есірткі. Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, соңғы 11 айда есірткіні қайта өңдеп, сатып алып немесе сақтаған 894 адам жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 33-і кәмелетке толмаған бала.

Гүлмира Мәжнүнова, жазасын өтеушінің анасы:

-Студент ұлым, алаңда бірге ойнап өскен досының, есірткімен айналысып жүрген куратор екенін, оны қылмысқа жібергенін білмеген. «Есірткі салынған пакетті қолына алып, белгіленген жерге оны қоюды үйрет»,– деген диологты сотта бірақ естідік. Бұл есірткі саудалаған екі адамның арасындағы әңгіме. Бірақ ұлым өз көлігімен бірнеше рет досын, яғни есірткімен айналысқан кураторды айтқан мекенжайға жеткізіп жүрген. Ұлым оқуына кететін күні осы ауыр жағдай орын алды.

Бас прокуратура бұл істі өз қарауына алған. «Гүлмира Мәжнүнованың ұлынан есірткіні ұйымдасқан топпен бірге сатпақ болды» деп, 297- баптың 3-тармағы бойынша үкім шыққан. Заң бойынша есірткімен айналысқан ересектер немесе кәмелет жасына толмағандарға 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Мүлкі де тәркіленеді. Енді заңгерлер заң табалын өзгерту қажет деп отыр.

Рауан Қалиев, заңгер, сарапшы:

-18 мыңнан астам азамат есірткіге тәуелді азамат ретінде тіркеуде тұрады. Жылына 3,5 мыңнан астам азаматқа қылмыстық іс қозғалатын болса, 2,5 мыңнан астам азамат сотталады. Енді бір жылда осындай тенденцияны байқайтын болсақ, 10 жылда 25 мың. Яғни бір ауылдың азаматы сотталып кетейін деп тұр. Елімізде азаматтардың сотты болуы жақсы іс емес. Ол жұмыс күші.

Есірткі тасығаны үшін сотталғандардың туыстары жазаны жеңілдетуді сұрап отыр. Заң жобасы былтырдан бері Мәжілістің қарауында. Егер ондағы өзгерістер мақұлданатын болса, жаза жеңілдейді. Сонда есірткі тасығаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Айта кетейік, бүгін арнайы жасақ 13 жыл бойы жасырынып келген қылмыскерді ұстады. 2011 жылы Арқалық маңында 1 тоннадан астам марихуана тасымалдаған қылмыстық топтың сегіз мүшесі қамауға алынып, күдіктілердің бірі жасырынып үлгерген еді. Жедел-іздестіру нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Авторлары: Диана Қадыр, Болотбек Табалдиев