×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 154

Қоғам

Елімізде ат спортының ахуалы қандай?

Елімізде ат спортының ахуалы қандай?

Атбегілік – атадан қалған асыл өнер. Біздің халық ат спортын ұлттық спорт деп біледі. Бәйге, көкпар сынды жарыстар ұлттық спорт түріне енгізілгелі мемлекет тарапынан қолдау күшейді.

Дегенмен бір қырым арам ет, бір артық тер қалдырмай ат жарата білетін атбегілер қазір көп емес екен.

Тұлпардың тізгінін тартқан Тамырлан 8 жаста. Тұлымшағы желкілдеген жеткіншек үлкен бәйгеге шабуға машықтанып жүр. Ауыл арасындағы аламанда аттан оңбай құлап, жасып қалғаны болмаса, жалға жабысып, желмен жарысатын шабандоз болмақ ниеті бар.

Тамырлан Бұқпабаев, оқушы:

– Сен қорқып тұрсаң, ат сезіп қалады, сені бас жағына түсіріп жіберуі мүмкін, құлап, ат басып кетпеу үшін өзіңді сенімді ұстау керек, мен әлі үйреніп жүрмін.

Сәйгүліктердің сужүректерді суқаны сүймейтіні рас. Аттың құлағында ойнайтын атбегі Бекболат Серікбеков те кезінде бәйге шауып, бас жүлде алған. Қазір Астана маңындағы ат спорты кешенінде тұлпарларды бәйгеге жаратып жүр.

Бекболат Серікбеков, атбегі:

– Тренировкаға ат түсер алдында көптен жүрмеген ат болса, бірінші бастағанда аяғымен бастаймыз, аяңмен жүреміз, жай-жайдан көтереміз, одан кейін желіске түседі. Шоқараққа түседі, көктемде основная тренировка басталады, жер ашылғанда, ұшқыр жұмыстар, бәйгеге жақында кезде аттың қамау терін аламыз.

Бәйге, қыз қуу, көкпар, теңге алу, аударыспақ ойындары ұлттық спортқа енгізілгелі мемлекет тарапынан қолдау ерекше.

Индира Жылқайдарова, тілші:

– Олимпиадалық ат спортының бір түрі кедергілерден өту, елімізде облыстық, республикалық деңгейде атжарыстар өткізіліп тұрады, ондай сайысқа 50-60 жылқы қатысуы мүмкін. «Негізі бұл спортта еуропалық тұқымдас тұлпарлар озық келеді», – дейді атбегілер.

Немістің гановер тұқымдас мына арғымақ түрлі деңгейдегі жарыстарда мәнерлеп жүруден бірнеше дүркін чемпион атанған. Қазір оның кішірек туысқаны кедергілерден өту сайысына дайындалып жүр.

Бәйгеге қаншырдай қатқан жарау аттар жіберілсе, көкпарға епті икемді, күйлі жануар салынады. Көкпарда ат иесі де күші мығым мықты жігіт болуы керек.

Елімізде тай жарыстан бастап, аламан бәйгеге дейін ұйымдастырылып тұрады. Десе де, проблема жоқ емес. Атқа құмар балалар азайып қалған. Ауыл баласы болмаса, қалалықтар атқа жуымайды. «Бұдан бөлек, ережеге сай салынған жарыс алаңдары жоқтың қасы», – дейді мамандар.    

Медет Ахметбеков, «Алтын тұлпар» ат спорты кешенінің басшысы:

– Ат шабатын кругтардың кейбірі нашар жерлер бар, сондай жерлерге керемет аттарды апарып, 2-3 кругтан кейін аттың аяқтары кетіп қалып жатады. Әркімнің өзінің керемет үміт күтіп отырған аттарының аяғынан айрылып қалып, жүйрік ат аяқтан кетеді дегендей стандартты түрде еуропалық деңгейдің мүмкіндігіндей аттың ипподромдары салынса.

Ал ат спорты федерациясындағылар: «Бұл мәселелерді шешу бір күндік іс емес», – деп отыр. Бірақ біртіндеп дамыту ойда бар.

Леонид Зимарев, ҚР Ат спорты федерациясының бас хатшысы: 

– Оған қыруар қаражат керек, іші жылытылатын манеж салып, оған сапалы құм сатып алу деген сияқты. Бұған миллиондаған қаржы керек. Біз ақырындап осы жоспарларды орындаймыз. Дегенмен Ресей, Еуропамен салыстырғанда әрине біздің елде ат спорты жоғары деңгейде дамып жатыр деп айта алмаймыз.

Ең алғаш жылқыны құрықтап, қолға үйреткен қазақтың ата-бабасы екенін британдық ғалымдарға дейін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Мамандар: «Ат спортына мемлекет мейлінше көп көңіл бөлсе», – деп отыр. 

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Мейрамбек Ақмаханов

 

Last modified on