Қоғам

Елімізде жас ғалымдардың жобалары іске асырылып жатыр

Елімізде жас ғалымдардың жобалары іске асырылып жатыр

Елбасының биылғы Жолдауында жоғары оқу орындарында ғылымды дамытуға ден қою керек делінді және отандық ғалымдардың жаңалықтарын ел игілігіне пайдаланудың маңызы жазылды.

Жалпы өндірістің тынысын ашатын өз өнертабыстарымыз көп пе?

Жас ғалым Айбек Мұрат қазір электр энергиясын тасымалдауға арналған шунтты реактор жасау жобасымен айналысып жатыр. «Бұл электр желілерінің өткізу қабілетін көбейтіп, сенімділігін арттырады», – дейді жас ғалым. Бірегей жоба өндіріске енгізілсе, еліміздің оңтүстігіндегі электр жетіспеушілігі мәселесін шешуге болады. Шунтты реакторды шығаруға Кентау трансформатор зауытының грантын жеңіп алыпты.

Айбек Мұрат, жас ғалым:

- Оңтүстікте жетпей жатқан электр энергияны қамтамасыз ету. Өйткені солтүстікте электр энергия көздері көп. Екібастұз, Қарағанды. Электр энергия өте арзан. Сондықтан бізге экономика жағынан қарағанда солтүстіктен оңтүстікке электр энергияны жеткізу маңызды.

Алматыдағы көшелерді жарықтандыруға қойылған датчиктер – жас ғалымдардың енгізген жаңалығы. Құрылғылар табиғи жарық түскенде электр жарығының автоматты түрде сөнуін қамтамасыз етеді.

Махмұт Томанов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы жас ғалымдар кеңесінің төрағасы:

- Ғылыми жобалар бұрынғыдай қағаз күйінде қалмау керек. Оларды әр азамат қолданатындай күнделікті өмірге енгізу керек. Мәселен, «Смарт қала» жобасы аясында Алматыда бірнеше жоба жүзеге асырылды.

Ақпараттық технологияларды игеруде білімді жастарға жол ашық.  Бүгінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының жанындағы Жас ғалымдар кеңесінде ғалымдар 18 бағыт бойынша үздік жобалармен айналысуда.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Last modified on