Қарағанды орталық саябағындағы балалар теміржолы 60 жылда алғаш рет жөнделіп жатыр
Сондықтан шеберлер қолдан жонып, амалдап жатыр.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Кезінде дәл осындай балалар теміржолы еліміздің 14 қаласында болыпты. Алайда тоқырау жылдары тоз-тозы шығып, шашылып қалған. Қазір тек Қарағанды саябағында ғана жұмыс істеп тұр. Алты шақырымға созылып жатқан маршрутты қызықтайтындар өте көп. Мәселен, өткен жылы мына вагондарға 10 мыңға жуық бала мінген.
Жарты ғасыр жөндеу көрмеген балалар теміржолын жаңартуға биыл қазынадан қаражат табылып, жұмыс басталды. Әрқайсысы 7 тоннадан асатын тепловоз арбалары қазір Сұрыптау станциясындағы депода жөнделіп жатыр.
Виктор Луценко, Қарағанды балалар теміржолының басшысы:
- Егер тепловоздың қозғалтқышы сынса, біз оған алаңдамаймыз. Ал жүретін бөлігі, яғни доңғалағы, иінді білігі, тағы басқасы қираса, бұл балалар үшін аса қауіпті. Сондықтан бірінші кезекте соны жөндеуге кірістік.
Владимир Медведев балалар теміржолына үшінші сыныпта оқып жүрген кезінде алғаш мініп көріпті. Енді міне ұзақ жылдан соң дәл сол өзі қыдырған вагонды жөндеп жатыр.
Владимир Медведев, цех шебері:
- Цехқа әкелгенде көзіме оттай басылды. Ол кезде 9 жаста болатынмын. Саябақты айнала қыдырғаным әлі күнге есімде. Сол кезде маған құдды бір үлкен локомотив болып көрінетін. Қазір қарап отырсам, баламның арбасынан сәл ғана үлкен шап-шағын дүние.
Шебердің айтуынша, 60 жыл бұрын жасалған тепловоздың қосалқы бөлшектері қазір жоқтың қасы екен. Сондықтан көпшілігін қолдан жонып жатыр. Дегенмен олар 1 мамырға дейін аяқтап, іске қосуды жоспарлап отыр. Биыл мұнда сондай-ақ теміржол колледжінің студенттері де өндірістік тәжірибеден өтпек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин